Новости KZ

Көрменің қорытындысы – Қазақстандық техника жәрмеңкесі 2025

Kazakhstan Machinery Fair және ONDEU EXPO 2025: өсу, серіктестік, технологиялық көшбасшылыққа бағыт

Технологиялық егемендік пен өндірістік тиімділікті арттыруға деген өсіп келе жатқан сұраныс жағдайында Қазақстан орнықты дамудың жүйелік факторы ретінде өнеркәсіпке барған сайын белсенді түрде сенім артуда. Мұны 23 – 25 сәуір аралығында Астанада өткен Kazakhstan Machinery Fair VI халықаралық мамандандырылған көрмесі және ONDEU EXPO өңдеу өнеркәсібінің V халықаралық көрмесі растады.

Үш күн ішінде «EXPO» халықаралық көрме орталығы машина жасаушылар, жабдықтарды өндірушілер, технологияларды берушілер, инжинирингтік компаниялар, мемлекеттік сектордың өкілдері мен халықаралық серіктестер үшін тарту нүктесіне айналды.

Іс-шараға 24 елден 294 компания қатысты, ал бейінді мамандардың саны 3 865 адамды құрады. Экспозицияның жалпы алаңы көрмені өткізудің бүкіл тарихындағы ең ірі көрме болып, 10 000 шаршы метрден асып түсті. Үш күн ішінде ондаған іскерлік кездесулер мен келіссөздер өтті.

2025 жылдың ауқымы рекордтық болды: экспоненттердің саны өткен жылмен салыстырғанда — 38%-ға, ал кәсіби келушілердің саны 25%-ға өсті. Бұл деректер өнеркәсіптік алаң және өңірлік технологиялық хаб ретінде Қазақстанға деген қызығушылықтың орнықты өсіп отырғанын растайды.

Ресми ашылуы

Ашылу салтанаты 23 сәуірде болып өтті. Оған Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Чехия Республикасының Өнеркәсіп және сауда вице-министрі Мартин Фржелик, Қазақстан машина жасаушылар одағының Басқарма Төрағасы Мейрам Пішембаев, Leipziger Messe International Бас директоры Маркус Гайзенбергер және Astana Expo Атқарушы директоры Қуаныш Қанапьянов қатысты.

Ерсайын Нағаспаев ел экономикасы үшін саланың маңыздылығын ерекше атап өтті:

«Машина жасау – бұл еліміздің өнеркәсіптік әлеуетінің негізі. Бүгінде оның өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 19%-ды құрайды. Өткен жылы сала 9,7%-ға өсуді көрсетті, ал биыл 16%-ға шығу мақсаты алдымызда тұр.»

Экспозиция: білдектерден цифрлық шешімдерге дейін

Көрме металл өңдеу білдектерінен, пісіру жүйелері мен робот техникасынан бастап өнеркәсіптік 3D-принтерлерге, автоматтандыруға арналған құрамдастарға, инженерлік платформалар мен коррозиядан қорғау технологияларына дейін жабдықтар мен шешімдердің кең спектрін ұсынды. Металлургияға, химия және құрылыс салаларына, аддитивті технологиялар мен инжинирингке арналған шешімдер де ұсынылды.
Қатысушылар арасында — Hyundai WIA, CHIRON Group SE, KAMAZ, QazTehna, ALLUR, ISCAR Kazakhstan, Bodor, XT Laser, Zoller, KAPP NILES, IGM Robotersysteme, Robentex, SMWAutoblok, HORN, Welding Company, Motul және басқалары. Жергілікті компаниялар өсіп келе жатқан технологиялық құзыреттер мен экспорттық әлеуетті көрсетті.

Саксония мен Тюрингия федералдық жерлерінің ұжымдық стендтерін қамтыған Германияның ұлттық павильоны ерекше назар аудартты. Сонымен қатар, көрмеде Түркия, Аустрия, Италия және Қытай экспозициялары ұсынылды.

Қатысушылар іс-шараның жоғары кәсіби деңгейін атап өтті:
Сергей Старков, Weld Expert компаниясы:

«Біз үшін қатысудың негізгі мақсаты жабдығымыздың мүмкіндіктерін көрсету, жаңа өнімдерді ұсыну және жаңа клиенттерді табу болды — әрі біз бұл міндеттерді толығымен іске асырдық. Биыл біз бүкіл қатысқан уақытымыздағы ең үлкен стендті ұсындық және ол өте тиімді болып шықты. Менің ойымша, бұл ең белсенді және нәтижелі көрмелердің бірі болды. Kazakhstan Machinery Fair бүгінде — Қазақстанның бүкіл машина жасау саласы үшін орталық оқиға.»

Александра Федотова, AKXIM компаниясы:

«Біз көрмеге коммуникация үшін кең мүмкіндіктер үшін алғысымызды айтамыз. Бізге көптеген компаниялармен көзбе-көз танысып, өнімдеріміздің бүкіл ассортиментін іс жүзінде ұсына алдық. Көптеген келушілер қызығушылық танытады, нысаналы сұрақтар қояды және нені іздейтінін дәл біледі. Көрмені ұйымдастыру — жоғары деңгейде: сауатты навигация, ыңғайлы түрде аймақтарға бөлу және ойластырылған кеңістік. Ұйымдастырушыларға қолайлы жағдайлар үшін жеке алғыс.»

Өнеркәсіп басымдық ретінде: Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің келуі

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуы екінші күннің басты оқиғасы болды. Ол экспозициямен танысып, бизнестің өкілдерімен кездесулер өткізді, сондай-ақ Қазақстанның машина жасаушыларының XII форумында сөз сөйледі.

Өз сөзінде ол басым бағыттарды — жергіліктендіруді, заманауи технологияларды енгізуді және білікті инженерлік кадрлар даярлауды белгілеп, машина жасаудың орнықты экономикалық өсу үшін стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.

«Машина жасау саласын одан әрі дамыту үшін жергілікті өндірістің үлесін ұлғайту қажет. Экономикалық құбылмалылық жағдайында перспективалы салалар мен бағыттарды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Еліміздің машина жасау саласы бүкіл экономикамыздың өркендеуіне жаңа серпін беру үшін өз әлеуетін толыққанды іске асыра алатынына сенімдімін», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Форум аясында Премьер-министр Қытайдың өнеркәсіптік қауымдастықтарының өкілдерімен де келіссөздер жүргізді. Бірлескен өндірістерді іске қосудың, жоғары технологиялық өнімдерді жергіліктендіру мен инженерлік шешімдер трансферінің перспективалары талқыланды. Қытай тарапы Қазақстандағы машина жасау жобаларын дамытуға және кооперацияны кеңейтуге инвестиция салуға дайын екенін білдірді.

Іскерлік бағдарлама

24 – 25 сәуірде өткен Қазақстанның машина жасаушыларының XII форумы 20-дан астам елден 1500-ден астам қатысушыны біріктірді. Бағдарлама пленарлық отырысты, бес панельдік сессия мен жеті секциялық отырысты қамтыды. Негізгі тақырыптар арасында: мемлекеттік қолдау шаралары, өндірістерді цифрландыру, экспорт, субконтрактация, жергіліктендіру және инженерлік білім беруді дамыту.

Аустрияның федералдық экономикалық палатасының қатысуымен ұйымдастырылған Қазақстан-Аустрия іскерлік кеңесінің (ҚАІК) отырысы ерекше назар аудартты. Ол екіжақты индустриялық ынтымақтастықты талқылау және бірлескен жобаларды іске қосу үшін маңызды платформаға айналды. Отырысқа Аустрия Федералдық палатасының вице-президенті Филипп Гади, Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пішембаев, сондай-ақ екі елдің ресми адамдары — Роман Василенко, Мұхтар Тілеуберді және Андреа Бахер қатысты.

Аудиторияның портреті

Сауалнаманың нәтижелері бойынша келушілердің 85,3%-ы өз бетінше шешім қабылдайды немесе сатып алу процестеріне қатысады.

Олардың арасында:

35,8% - компания иелері мен бас директорлар

17,6% - орта буын басшылары

15,9% - инженерлер мен технологтер

5,8% - топ-менеджмент

Қатысушылардың 88%-ы экспозицияның сапасын, іскерлік бағдарламаны және қатысушылардың құрамын жоғары бағалады. Негізгі келу мақсаттары — өнім берушілерді іздеу, жаңа технологияларды зерделеу, келісімшарттар жасасу және кәсіби тәжірибе алмасу.
Мамандар көрмеге келудің практикалық құндылығын атап өтті:

Илья Афанасьев, Vaptech Corporation:

«Бұл жерде машина жасау саласындағы ең жаңа жетістіктерді — әрі жергілікті, әрі әлемдік өндірушілердің жетістіктерін көруге болады. Бизнесіміз үшін жаңа байланыстарды табу өте пайдалы болды.»

Алексей Щербинин, KSC Plast:

«Қызықты көрме — биыл ол айқын кеңейген: экспоненттердің саны көбірек, Қытай Халық Республикасынан компаниялардың қатысуы едәуір өскен. Көрме өндірістік кәсіпорындарға арналған көптеген жаңа жабдықтарды көрсетті. Көрмеге 7-8 жыл бойы қатысып келем.»

Халықаралық ынтымақтастық

Көрменің негізгі халықаралық іс-шараларының арасында — «Сингапур-Қазақстан: Инженерлік шешімдер және ақылды қалалар» нетворкинг-сессиясы, оған Сингапурдан 11 технологиялық компания қатысты. Урбанистика, қалалық инфрақұрылымды цифрландыру және орнықты даму саласындағы шешімдер ұсынылды.

Сонымен қатар, көрме неміс делегациясы мен Қазақстан Республикасының министрліктері мен бейінді ведомстволарының өкілдері арасындағы іскерлік кездесулерге арналған алаңға айналды. Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары бастаған чех делегациясы да өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және Қазақстанда өндірісті жергіліктендіруге бағытталған бірқатар кездесулер өткізді.

Көрме индустриялық бағдар ретінде

Kazakhstan Machinery Fair және ONDEU EXPO технологиялық прогресті ғана емес, сонымен қатар, мемлекет, бизнес және халықаралық серіктестер арасындағы өнеркәсіптік диалогтің стратегиялық маңызын да көрсетті. Іс-шара экспорттық стратегияларды, жергіліктендіру бастамаларын, жаңа кооперациялар мен іскерлік альянстарды қалыптастыру орнына айналды.

Көрмелер Қазақстанның Орталық Азиядағы технологиялар трансферіне, өнеркәсіптік трансформация мен орнықты индустриялық дамуға арналған платформа ретіндегі мәртебесін растады.

Ұйымдастырушылар және қолдау

Ұйымдастырушылар: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қазақстан машина жасаушылар одағы, Astana Expo

Бірлесіп ұйымдастырушы: Leipziger Messe International (Германия)

Ресми қолдау: «Атамекен» ҰКП, Астана қаласының әкімдігі, Visit Astana

📍Орналасқан жері: «EXPO» халықаралық көрме орталығы, Мәңгілік Ел даңғылы, 53/1, Астана қаласы

📅Келесі көрме 2026 жылғы 1 – 3 сәуірде өтеді. Кездескенше!

Байланыстар:

Қатысу мәселелері бойынша:

Нұржан Төремұратов
T: +7 7172 64 23 23 (ішкі 230)
E: nt@astana-expo.com

Маркетинг және PR мәселелері бойынша:

Альбина Хамзина
T: +7 771 866 11 77
E: ah@astana-expo.com