Қайырбек Өскенбаев өзі басқаратын министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңдеу өнеркәсібінің қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларына терең талдау жүргізгенін хабарлады.
Талдау барысында импортты алмастыру, ішкі нарықты дайын өнімдермен қамтамасыз ету, сондай-ақ шикізат базасын, инфрақұрылымды және қазақстандықтардың кадрлық құзыретін ескере отырып, экспорттық әлеуетті арттыру бойынша мүмкіндіктері зерделенгенін түсіндірді.
"Министрлік желісі бойынша еліміздің барлық импортына талдау жүргізілді. Импорттың жалпы сомасы жылына $38,4 млрд құрайтыны анықталды. Елімізге машина жасау ($16,4 млрд), химия өнеркәсібі ($3,2 млрд), қара және түсті металлургия ($3,1 млрд), жеңіл өнеркәсіп ($2,2 млрд), сондай-ақ құрылыс материалдары ($1,4 млрд) өнімдері өте көп жеткізіледі", - деді ведомство басшысы.
ҚР ИИДМ зерттеу нәтижелерін жинақтап, зерделеген соң импортты алмастырудағы басымдықтар айқындалды. Соған сәйкес астана мен өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп, өңдеу өнеркәсібінің 6 бағытында инвестициялық жобалар пулы жасалды. Оған жалпы сомасы 20 трлн теңге болатын 700-ден астам іске асырылып жатқан және перспективалық өндірістер кірді. Бұл кәсіпорындарды құру жоспары 131 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуды көздейді.
"Жобалар 4 санатқа бөлінген: биыл енгізілетін, іске асырылатын, пысықталатын және перспективалық жобалар. Олар сондай-ақ өңірлер бойынша бөлініп, аса маңызды бағыттар жеке тізбеге енгізілген. Әр өңір мен тізімді толық құзыреті бар кураторлар жүргізеді. Олар жобаларды ілгерілетуге көмектесіп, жауапты болады. Мысалы, егер қандай да бір кәсіпорында жолдың жоқтығына байланысты проблема туындаса, куратор құжаттарды дайындап, министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың басшылығын хабардар етуі тиіс", - деп атап өтті Қ.Өскенбаев.
Кураторлар қазірдің өзінде оқытылып, байланыс арналары жасалды. Жолға қойылған жүйе әр жобаны дербес сүйемелдеуге, проблемаларын жедел шешуге және іске қосуды жеделдетуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта 2025 жылға дейін $4 млрд-қа импортты алмастыратын және шикізаттық емес экспорт көлемін $9 млрд-қа ұлғайтатын 131 негізгі жоба іске асырылуы тиіс деп айқындалған.
Негізгі жобаларды жүзеге асыру арқылы керамикалық плиталар, автоклавты газоблок, жылу оқшаулағыш материалдар, санфаянс, кальцийленген және каустикалық сода, калий тыңайтқыштары, карбамид, арнайы кокс, сэндвич панельдер, ЛДСП, натрий цианиді сияқты өнімдер бойынша импортты 100% алмастыруға болады.
Бұдан басқа, атқарылып жатқан жұмыстар ферросилицийдің әлемдік экспортында екінші орынға шығып, болат импортын 75%-ға азайтуға, сондай-ақ отандық мақтаны толықтай өз елімізде қайта өңдеуге мүмкіндік береді.
https://www.gov.kz/memleket/entities/miid/press/news/details/350908?lang=kk